"Бұл қорқытқаным емес": Бақтияр Артаев қаржыны тиімсіз жұмсағандарға сөгіс жариялады

Бүгін, 18:30 / Ахмет Қанатұлы
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі. Суретте: Бақтияр Артаев

Қызылорда облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев мемлекеттік қаражатты тиімсіз пайдаланған мекеме басшыларына қатаң ескерту жасады. Бұл туралы басқарма отырысында белгілі болды, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бақылау нәтижесінде, облыстағы 10-нан астам спорт мекемесі жылдық бюджеттің 75 пайызынан астамын алты ай ішінде жоспарсыз жұмсағаны анықталған. Осыған байланысты мекеме директорларына сөгіс беріліп, бұған дейін бюджет игеру бойынша жіберілген кемшіліктер мұқият талданатыны хабарланды.

"Қаржыны жоспарсыз жұмсау – салғырттықтың белгісі. Бұл жолы тек сөгіспен шектелеміз, алайда алдағы уақытта қаржы мақсатсыз пайдаланылғаны дәлелденсе, тиісті шаралар қабылданады. Бұл тек мекеме басшыларына емес, бас есепші мен жауапты жаттықтырушыларға да қатысты", – деді басқарма жетекшісі.

Артаев барлық спорт мекемелеріне бюджет қаражатын дұрыс бағыттау бойынша нақты тапсырма берді: олимпиадалық спорт түрлеріне 70%, ұлттық және олимпиадалық емес спортқа 30% бөлінуі тиіс.

"Нәтиже – олимпиадалық спорт түрлері арқылы бағаланады. Сондықтан негізгі күшті сол бағытқа жұмсау қажет", – деді ол.

Сондай-ақ, басқарма басшысы қаржыны мерзімінен бұрын әрі мақсатсыз жұмсағандардың ісімен құқық қорғау органдары айналысатынын ескертті.

"Келесі айда не істейсіңдер? Жыл соңына дейін қалай жұмыс істейсіңдер? Сөгіс – басы ғана. Қорқытқаным емес, прокуратура айналысады", – деді Бақтияр Артаев.

Тэгтер:

Бақтияр Артаев Қызылорда