Қазақстандық зілтемірші, Қызылорда қаласының тумасы Алмас Өтешов еліміздегі ауыр атлетика ардагері Вилорий Пакпен кездесті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Алмас Өтешов Instagram желісіндегі ресми парақшасында ардагер спортшы Вилорий Пакпен кездескені туралы видеоны жариялады.
"Қызылорда ауыр атлетикасының атасы Вилорий Пакпен кездестім. Ағайым екеуміз бассейнге келіп жүрміз. Сіздер де келіңіздер. Ағайым 80-ге келсе де, әді күнге дейін спортпен шұғылданып келеді", – деді Алмас Өтешов.
Вилорий Пак – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спортшысы. Ол танымал спортшы, әлемнің 4 дүркін чемпионы Илья Ильиннің алғашқы ұстаздарының бірі. Ол Илья Ильинмен 12 жыл бірге жұмыс істеп, 2 олимпиадалық циклде өнер көрсеткен.
Еске сала кетейік, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов соңғы уақытта ел назарынан тыс қалып қойғанымен, өзінің ішкі жан дүниесінде болған күресті жұртпен бөлісіп, үлкен ой салған болатын.
Қазақстан құрамасының тәжірибелі зілтеміршісі Алмас Өтешов жаңа қырынан танылып, кино әлеміне қадам басқанын жазған едік.