Қарағандылық параспортшы Балқаш көлін тоқтамай 13 сағатта жүзіп өтті

Бүгін, 16:08 / Ахмет Қанатұлы
gov.kz. Суретте: Ақназар Мүтәліпов

Қарағанды облысының 27 жастағы тұрғыны, параспортшы Ақназар Мүтәліпов Балқаш көлін бір жағасынан екінші жағына дейін тоқтаусыз жүзіп өтті. Ол 20 шақырым қашықтықты 13 сағатта еңсерді, деп Sportinside.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ақназар – бір қолы мен бір аяғынан айырылғанына қарамастан, осындай күрделі сынақты еңсерген санаулы спортшылардың бірі. Бұған дейін ол теміржол саласында еңбек етіп жүрген кезінде өндірістік жарақат алып, мүгедектікке ұшыраған.

Жастайынан жүзуге қызығушылық танытқанымен, кәсіби спортқа бет бұру туралы ойы болмаған. Алайда жарақат алғаннан кейін, суға қайта оралу арқылы күш-қуат пен өмірге деген сенімін қайта тапқан.

Ақназардың спорттағы алғашқы ірі жеңісі – 2024 жылы Таразда өткен параспорт чемпионатында 400 метрге еркін жүзуден Қазақстан чемпионы атануы. Сол жылы ол Бурабай көлін де жүзіп өткен.

2025 жылы ол өз алдына үлкен мақсат қойып, Балқаш көлін тоқтаусыз жүзіп өтуді қолға алған.

"Бұл – тек жеке жетістік емес, мүмкіндігі шектеулі адамның шексіз мүмкіндігін дәлелдеу", – деп жазды спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазіргі уақытта Ақназар Мүтәліпов бұл ерекше нәтижені Гиннестің рекордтар кітабына енгізу үшін өтінім беруге дайындалып жатыр. Сонымен қатар, ол халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауды көздейді.

Тэгтер:

Ақназар Мүтәліпов Балқаш көлі